Ділмәр үйірмесі » 62 мектеп
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 374-07-30
Есепші бөлімі:
+7(727) 374-07-28
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Ділмәр үйірмесі
30
сентябрь
2023

Ділмәр үйірмесі

Сүйінші ағайын!
Алматыдан шешендік өнерді дамыту бағытындағы тағы бір жаңа үйірме жұмысын бастап кетті. Бұл үйірменің маңызы мен орны ерекше. Өйткені, ана тіліміздің абыройын асқақтатып, беделін биіктетіп, ұлтты оятуға бар қажыр-қайратын арнаған қайраткер тұлға Шона Смаханұлы атындағы гимназиядан осындай орталықтың ашылуы заңды әрі құптарлық қуаныш еді. Шона атамыз кеңестік кезеңде қазақ балабақшалары мен мектептерінің көбеюін армандап, көп іс тындырды. Ал біз сол қазақ мектептерінің ұлттық болмысын, рухани келбетін нығайтып, ұлттық тәрбие мен құндылықтарды мейлінше сіңіре отырып, жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеуге қызмет етеміз. Үйірмеге 7-11 сыныптардан ынталы шәкірттер жазылып, қапы қалмай қатысуға ниетті екенін байқатты. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гаухар Дәулетбаққызы мұрындық болып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қолдау жасап жолға қойылған жақсы бастаманы табысты түрде жалғастыруға барымызды саламыз! Бүгінгі дәріске республикалық «Ділмар» шешендік өнерді дамыту клубының мүшелері, СДУ-дың 1-курс студенттері Шыңғыс Ерболұлы мен Жалғас Серікболұлы арнайы қатысты. Республикалық оқушылар айтысының бас жүлде иегері, жас ақын, «Жыл шешені» Жалғас ағынан жарылып арнау айтып, жиылған жұрттың жігерін жаныды. «Ділмар» үйірмесінен алған тәжірибесін бөлісіп, жаңа мүшелерді қанаттандырды. Мектеп мұғалімдері Жалғасқа әлден қолқа салып, айтыскер дайындау жағынан әріптес болуға уағдаласты. Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауының бас жүлде иегері, «Жыл шешені» Шыңғыс Ерболұлының бабалар мұрасынан нәр алған рухты сөздері көрерменнің көңіл пернесін дөп басып, балқытып, толқыта түсті. Кездесуге келгендер «Шіркін, Шыңғыстай болсақ қой» деп шабыттанып шықты.